Инфрақұрылымды жаңғырту және Каспий теңізін қорғау жолдары талқыланды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында «Қазақстанның тұрақты дамуы: инфрақұрылымды жаңғырту, Каспийді қорғау және экологиялық ағарту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және студенттер қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған орнықты даму бағыттарын талқылау болды. Атап айтқанда, су инфрақұрылымын жетілдіру, Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау және «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Кездесу барысында бірқатар баяндамалар тыңдалды. Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Мәнсия Есенаманова Каспий теңізі деңгейінің тарихи өзгерістеріне тоқталды. «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Чернова теңізді қорғаудағы сын-қатерлерді талдады. Сондай-ақ «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының ғылым және мониторинг бөлімінің жетекшісі Назерке Махметова Каспийдің биоалуантүрлілігін қорғау шараларын таныстырды.

Қоғамдық пікірдің маңыздылығы мен экологиялық құқықтарды қорғау мәселелерін «Жайық-Каспий Орхус орталығының» директоры Шынар Ізтелеуова және адвокат Айгүл Кенжалиева көтерді.

Іс-шара соңында қатысушылар Каспий теңізін сақтау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу қажеттілігін, сондай-ақ экологиялық ағартушылықты мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін жүйелі түрде енгізудің маңызын атап өтті.