2026 жылғы 13 наурыз күні «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи аумақтардағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Таза Қазақстан – болашақ кепілі» тақырыбында түсіндіру жұмыстары мен өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығу іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараға «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары, орта оқу орындарының студенттері және Атырау облысы әкімдігінің өкілдері қатысты. Шара резерватқа қарасты ангар аумағында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қатысушыларға табиғатты қорғаудың маңыздылығы, қоршаған ортаны таза ұстау мәдениеті, сондай-ақ табиғи аумақтарда өрттің алдын алу шаралары туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар орман-дала өрттерінің туындау себептері мен оның экологиялық зардаптары туралы ақпарат беріп, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету тәсілдерін тәжірибелік түрде көрсетті.
Өрт қауіпсіздігі бойынша ұйымдастырылған оқу-жаттығу барысында шартты өрт жағдайы жасалып, оны жедел сөндіру алгоритмдері таныстырылды. Қатысушылар арнайы техникалардың жұмысымен танысып, алғашқы әрекет ету дағдыларын меңгерді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Іс-шара соңында студенттерге қауіпсіздік ережелері тақырыбында 150 ескерту қағазы таратылды.
Осындай іс-шаралар қоғамның табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ортақ жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.
