2026 жылғы 4 маусымда Абай атындағы Атырау қалалық оқушылар орталығында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының ұйымдастыруымен “5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау” күніне арналған мерекелік іс-шара және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында, сондай-ақ «Парктер шеруі – 2026» табиғат қорғау акциясының жабылу салтанаты өтті.
Іс-шараны «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты» РММ директоры Ж.Т. Муратуллин құттықтау сөзімен ашып, қоршаған ортаны қорғау ісіндегі ортақ жауапкершілік пен табиғатты аялаудың маңыздылығына тоқталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарлама форматында өтті. Салтанатты жиынға арнайы шақырылған қонақтар қатысып, өз лебіздерін білдіріп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды бастамалар жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, экологиялық акциялар мен табиғат қорғау іс-шараларына белсене қатысқан мекемелер мен оқушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «1 сәуір – Халықаралық құстар күні», «Қызғалдақтар күні» және «5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні» аясында өткізілген байқаулардың жеңімпаздары арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Аталған іс-шара қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлық көзқарасты дәріптеуге және экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды шара болды.
