Алматы қаласындағы Ботаникалық бақта Қазақстанның барлық ұлттық парктері, қорықтары мен резерваттарынан келген 50 өкіл бас қосты.

Атап айтқанда, Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының 50 қызметкері — 14 ұлттық парк, 10 қорық және 7 резерват өкілдері, сондай-ақ 2 мемлекеттік ботаникалық бақ, «Охотзоопром» және «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорындары, Топырақтану және агрохимия институты мен Зоология институтының мамандары тиімді коммуникациялар бойынша тренингке қатысты.

Тренинг 14–16 қаңтар аралығында «GREEN SCIENCE KZ» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып, Қазақстанның ұлттық парктері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтау мен климаттық төзімділікті арттыруға бағытталған ғылыми негізделген, тұрақты орманды қалпына келтіру тәжірибелерін енгізуді көздейді.

Аталған жоба 2026 жылғы қаңтар мен қазан айлары аралығында Ботаника және фитоинтродукция институты мен «Шеврон» компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылады. Жоба аясында Атырау және Орал қалаларында, сондай-ақ Ұлытау облысында білім беру және ағартушылық іс-шаралар өткізу, ал қорытынды іс-шараны Астана қаласында ұйымдастыру жоспарланған.