Барылдауық үйректің аналық инстинкті

“Ақжайық” мемлекеттік табиғи резерватының мемлекеттік инспекторларының түнгі қызметтік жұмыстары барысында Рыбоходный учаскесінің 29-кварталында барылдауық үйректің (кряква) (Anas platyrhynchos) аналығы кездесті. Құстың мінез-құлқы мамандардың назарын бірден аударды: ол адамға жақын қашықтыққа дейін жуықтап, бірден ұшып кетуге асықпады.
​Мұндай мінез-құлық барылдауық үйрек аналығының табиғи аналық инстинктімен түсіндіріледі. Ұя салу кезеңінде аналық қауіп төнгенін сезсе, ықтимал қауіптің назарын өзіне аударып, оны балапандары болуы мүмкін аумақтан алыстатуға тырысады. Бұл – ұрпағын қорғауға бағытталған табиғи қорғаныс тәсілдерінің бірі.
​Барылдауық үйрек – Қазақстандағы ең кең таралған су құстарының бірі. Ол өзен-көлдерде, қамысты-батпақты алқаптарда және жайылма суларда мекендейді. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының сулы-батпақты экожүйелері бұл түрдің тіршілік етуіне, қоректенуіне және көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. 2025 жылы табиғи резерваттың аумағында барлығы 9009 барылдауық үйрек тіркелген.
​Табиғатта жиі кездесе бермейтін осындай сәттер жабайы жануарлардың мінез-құлқын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Аналық үйректің өз ұрпағын қорғауға бағытталған әрекеті – табиғаттың ең әсерлі құбылыстарының бірі. Осындай бақылаулар биоалуантүрлілікті зерттеуге, табиғи экожүйелердің жай-күйін бағалауға және табиғатты қорғау жұмыстарының маңызын арттыруға септігін тигізеді.