Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов “Forest of Central Asia” ЖШС басшысы Темірбек Мамаевпен кездесіп, “Ақжайық” мемлекеттік табиғи резерватының Жайық өзеніне таяу жерінен ағаш өсіретін тәлімбақ құру жөніндегі инвестициялық жобаны талқылады.
Кездесуге «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Ж.Т. Муратуллин қатысып, Атырау облысы үшін ағаш өсіретін тәлімбақ құрудың маңыздылығын атап өтіп, жобаны іске асырудың экологиялық тиімділігіне тоқталды және бұл бастаманың өңір үшін маңыздылығын облыс басшылығына жеткізді.
Жобада Еркінқала ауылында 20 гектарлық тәлімбақ салу көзделген. Бастаманы аралас модель бойынша қаржыландыру жоспарланып отыр: қаражаттың 60%-ын жеке инвестициялар, қалған 40%-ын серіктестер қаржысы құрайды.
Жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, өңірді көгалдандыруға зор үлес қоспақ.
Инвестордың сөзінше, компания бұған дейін осыған ұқсас жобаларды сәтті іске асырған. Ақмола облысында ауданы 83 гектарлық тәлімбақ бар, ол 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ал Қарағандыда 20 гектарлық тағы бір тәлімбақ жұмыс істеп тұр.
Биыл резерват аумағындағы бір гектар алқапқа сынақ ретінде түрлі өсімдік отырғызылмақ. Тәлімбақта жергілікті климатқа бейімделген ағаш түрлерін, соның ішінде үйеңкі, қарағаш және қарағай өсіру ұсынылып отыр.
Компания көшеттердің жақсы өсуі үшін топырақтың құнарлылығын арттыруға арналған заманауи технологиялар мен автоматтандырылған суару жүйесін қолданбақ.
Болат Ақшолақов көгалдандыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жобаларға мемлекеттік органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап айтты.
Сондай-ақ өңір басшысы “Forest of Central Asia” ЖШС басшылығына отандық ғалымдардың топырақ құнарлылығын арттыру жөніндегі зерттеулерін пайдалану және жобаны жүзеге асыру кезінде заманауи ғылыми шешімдер енгізу үшін осы саладағы институттармен ынтымақтастық орнатуды ұсынды.




